Македония мен Грекия шекарасында 10 сәуірде мигранттар полицямен қақтығысып, 300-ге жуық адам зардап шекті. Ақпарат құралдарының хабарлауынша, оқиға мигранттар Грекиядан Македонияға қарай өтуге әрекеттенгенде болған. Полиция мигранттарды қайтару үшін көзден жас ағызатын газ, жарқылдақ граната мен резеңке оқ атқан. Мигранттар оларға тас лақтырған. Оқиға екі елдің Идомени өткізу бекетінде болған. Осы аймаққа жақын шекараның Грекия жағындағы лагерде 11 мыңнан астам мигрант тұрып жатыр.
"Шекарасыз дәрігерлер" ұйымының хабарлауынша, оқиға орнында жұмыс істеп жатқан еріктілер газдан тыныс алуы қиындап, резеңке оқтан жараланған 300-ге таяу адамға ем-дом көрсеткен. Алты адам ауруханаға жатқызылған.
Македония полициясы қауіпсіздік күштерінің 23 қызметкері жараланғанын айтады.
Балқан түбегіндегі елдер ақпанның ортасынан бастап шекарасын жауып, мигранттар мен босқындардың Еуропаның солтүстігіне баратын жолына тосқауыл қойған.