Табиғи монополияны реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті Маңғыстау облыстық департаментінің басшысы Т.Махамбетов пен оның орынбасары А.Оңаев мемлекетке залал келтірді деген күдікпен ұсталды.
Ұлттық коррупцияға қарсы іс-қимыл бюросы Маңғыстау облыстық депртаментінің хабарлауынша, Махамбетов қызмет бабын теріс пайдаланып, өзіне бағынышты адамға "Өзен-Жылу" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнын тексеру кезінде анықталған монополияға қарсы заңды бұзу фактісін жасыруға тапсырма берген.
Ал Оңаев кәсіпорынға салынған әкімшілік құқық бұзушылық пен айыппұлды 9 миллион 600 мың теңгеден 3 миллион 200 мың теңгеге дейін азайту үшін "Өзен-Жылу" кәсіпорны басшысынан 300 мың теңге пара талап етіп, алған.
Қазір Махамбетов пен Оңаев Ақтаудағы ішкі істер басқармасының уақытша қамау изоляторына қамалып, сотқа дейінгі тергеу басталған.