Астана түбіндегі 68665 әскери бөлімінде терроризмге қарсы екі кезеңнен тұратын командалық-штабтық жаттығу басталды.
Қорғаныс министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, жаттығуда әскери бригадалар терроризмге қарсы тапсырмаларды орындап, арнайы әскери іс-қимылдарды жасайды. Әскерилер басқа да өңірлік әскери бөлімдер және әскери құрылымдарды басқару органдарымен бірне оперативтік және тактикалық деңгейде өзара іс-қимыл жасауға машықтанады.
Министрлік сценарий бойынша жаттығуда "елде әлеуметтік-саяси жағдай шиеленісіп, бірқатар елді мекенде аяқасты митингілер өтетіні және бұл жаппай тәртіпсіздік пен қоғамдық орындарды қиратуға ұласатыны" айтылған. "Мұның барлығы антитеррорлық операциялар жүргізуге және арнайы әскери іс-қимылдар ұйымдастыруға себеп болады" делінген қорғаныс министрлігінің ақпаратында.
Жаттығуға құрлықтағы әскер бас қолбасшылығы басқармасының, 68665 әскери бөлімінің әскерилері, мемлекеттік күзет қызметі, төтенше жағдайлар комитетінің қызметкерлері, ұлтық гвардия сарбаздары мен 200-ден астам әскери техника қатыстырылып жатыр.