Accessibility links

Керри Лавровты Дамаскіге ықпал етуге шақырды


АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри (оң жақта) мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров. Мюнхен, 12 ақпан 2016 жыл.
АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри (оң жақта) мен Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров. Мюнхен, 12 ақпан 2016 жыл.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровты Дамаскінің атысты тоқтатуға қатысты талаптарды «құрметтеуі» үшін Сирия билігіне ықпал етуге шақырған. Вашингтон Дамаскінің тарапынан оқ атпау туралы келісімнің бұзылмауына Мәскеу септеседі деп күтеді және өз кезегінде бітім шарттарын Сирия қарулы оппозициясы да орындауы үшін күш-жігер жұмсайтынын айтады.

Керри бұл туралы Лавровпен Сирияның Алеппо қаласы аймағындағы «кескілескен шайқастар» туралы деректер түсіп жатқан кезде телефон арқылы сөйлескен деп хабарлады журналистерге АҚШ мемлекеттік департаменті өкілі Джон Кирби.

Вашингтонның ресми өкілдері Ресей әскери ұшақтары Сирияның үкімет әскеріне қолдау танытып, маңызы бойынша елдің екінші қаласы саналатын Алепподағы оппозициялық топтарға әуеден соққы берген болуы мүмкін деп санайды. Бірақ, сонымен бірге, қазір Алеппода «Әл-Қайда» ұйымымен байланысы бар «Әл-Нусра майданы» экстремистік тобы жасағы да жүр. Бұл топ атысты тоқтату туралы бітім жасасқан тарапқа жатпайды. Бұған дейін Мәскеу мен Дамаск өздері террористік деп таныған құрылымдарға қарсы соққы беруді жалғастыра беретіндерін мәлімдеген.

Керри Лавровпен әңгіме барысында Иранның революция сақшылары корпусы құрамындағы ерекше бөлімдерді басқаратын генерал Касеми Сулейманидің Мәскеуге барғаны жайлы хабарларға байланысты алаңдаушылық білдірген.

Сонымен бірге АҚШ мемлекеттік хатшысы Балтық теңізінде ресейлік әскери ұшақтардың АҚШ әскери-теңіз күштері кемесін бірнеше рет айналып ұшып өткен оқиғаға байланысты наразылығын Ресей сыртқы істер министріне жеткізген. Бұған қоса Керри Лавровты соңғы кезде атысты тоқтату тәртібін бұзу оқиғалары жиілеп отырған Украинаның шығысында бітім келісімінің орындалуына ықпал жасауға шақырған.

XS
SM
MD
LG