Accessibility links

Балтық аймағында Ресей ұшағы АҚШ ұшағына жақын барған


Ресейлік Су-27 әскери ұшағы.
Ресейлік Су-27 әскери ұшағы.

АҚШ әскерилері Балтық теңізінің халықаралық аймағында ұшып жүрген америкалық RC-135 барлаушы ұшағына ресейлік Су-27 ұшағының тым жақын тақағаны туралы мәлімдеді. АҚШ әскери-теңіз күштерінің капитаны Дэнни Эрнандестің CNN телеарнасына айтуынша, 14 сәуірде болған оқиға кезінде Ресей ұшағы «оспадарлық танытып», америкалық ұшаққа 16 метрдей жақын келген. Эрнандес АҚШ ұшағының Ресей территориясына кірмегенін айтады.

«Бір ұшқыштың қауіпсіз емес әрі кәсібилікке жатпайтын іс-әрекеті екі ел арасындағы қарым-қатынастың жөнсіз шиеленісуіне апарып соғуы мүмкін» деген ол.

Бұл осы аптада Балтық теңізінде АҚШ пен Ресей әскери күштері арасында болған бірінші оқиға емес. Бұған дейін, 11 сәуірде ресейлік Су-24 ұшағы америкалық «Дональд Кук» эсминеці үстінен шамамен 900 метр қашықтықта 20 рет, 12 сәуірде – 11 рет ұшып өткені хабарланған еді. Ресей ұшағы бір кездері кеме үстінен тоғыз метрге дейін жақын ұшқан.

АҚШ мемлекеттік хатшысы Джон Керри ресейлік Су-24 ұшағының америкалық эсминеціне қауіп тудыра жақын ұшып барғанын айыптап, оқиғаны «қауіпті әрі парасатсыз» арандатушылық деп атаған. Ол бұл оқиғаға байланысты АҚШ-тың наразылығын Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровқа телефон арқылы сөйлескенде жеткізген.

XS
SM
MD
LG