Эквадорда сенбінің кешінде 7,8 магнитудалы жер сілкінісі салдарынан кемінде 41 адам мерт болған деп хабарлады елдің вице-президенті Хорхе Глас. Ол орталықтан шалғайдағы елді мекендермен әзірше байланыс болмай отырғандықтан табиғи апат құрбандарының саны бұдан да көп болуы мүмкін екенін ескертті.
Баспасөз құралдарының хабарлауынша, жер сілкінісі ел астанасы Кито қаласында да сезілген: адамдар теңселіп кеткен ғимараттардан сыртқа қашып шыққан. Жер дүмпуінен электр байланысы ажырап, мобиьлдік байланыстың кейбір қызмет түрлері істемей қалған.
АҚШ геология қызметінің хабарлауынша, жер сілкінісінің ошағы жағалаудағы Муисне қаласынан оңтүстік-шығысқа қарай 28 шақырым қашықтықта болған. Тынық мұхиттағы орталық жер сілкінісі әсерінен цунами пайда болуы мүмкін деп ескерткен.