Ауғанстанның солтүстігіндегі Кундуз қаласында үкімет әскері талибтермен бірнеше күн бойы ұрыс жүргізіп жатыр. 17 сәуірде талибтер өткен жылы біраз уақыт өздерінің бақылауында болған қаланы басып алмақ болып шабуылын қайта бастады.
Кундуз полициясының басшысы Reuters агенттігіне соңғы тәуліктерде талибтер қаланың оңтүстік-батыс аумағындағы бірнеше бақылау-өткізу бекетіне шабуыл жасағанын, бірақ шабуылға тойтарыс берілгенін айтады. Оның сөзінше, соңғы тәуліктерде ұрыста талибтер жағынан 49 адам қаза тауып, 61 адам жараланған. Үкімет әскері жағынан төрт адам оққа ұшып, 11 адам жараланған.
"Талибан" қозғалысы бірнеше күн бұрын "көктемгі шабуыл" басталғанын хабарлаған.