Батыс Қазақстан облысы Орал қалалық сотының судьясы Асқар Исмайылов журналистерге облыстық табиғи монополияны реттеу департаментінің бұрынғы басшысы Уәлихан Разовтың сот процесінде аудио және видео жазба жасауға тыйым салды. Уәлихан Разовқа "қызмет өкілетін теріс пайдаланды" және "лауазымын асыра пайдаланды" деген екі айып тағылған.
Тергеу мәліметі бойынша, Разов "АқсайГазПромЭнерго"компаниясының бас директоры Алхат Абзалиловтан өзі басқаратын департаментке жиыны 500 мың теңгеден асатын кресло, стеллаждар мен ноутбуктер сатып әперуді сұраған. Тергеу жүргізген коррупцияға қарсы бюро қызменткерлері Разов Абзалиловтан сыйлықты "жалпы қамқорлық танытып, кәсіпкерлік қызметіне араласпауы үшін" алған дейді. Бірақ Разов мұны жоққа шығарады. Разов бүгін сотта кәсіпкерден затты "уақытша сақтауға алғанын " айтты.
44 жастағы Уәлихан Разов түрлі жылдары облыстық салық басқармасында бөлім бастығы, облыстың кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы астығының орынбасары болған. 2014 жылдың қарашасынан бері Разов облыстық табиғи монополияны реттеу департаментін басқарған.