Accessibility links

Париж климат келісіміне 175 мемлекет қол қойды


Франция президенті Франсуа Олланд ғаламдық климаттың өзгеруімен күрес келісіміне қол қойып жатыр. БҰҰ, Нью-Йорк, 22 сәуір 2016 жыл.
Франция президенті Франсуа Олланд ғаламдық климаттың өзгеруімен күрес келісіміне қол қойып жатыр. БҰҰ, Нью-Йорк, 22 сәуір 2016 жыл.

БҰҰ-ның Нью-Йорктегі штаб-пәтерінде әлемнің 175 мемлекетінің жоғары лауазымды өкілдері Парижде қабылданған ғаламдық климаттың өзгеруімен күрес келісіміне қол қойды. БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун ашқан қол қою рәсімінде құжатқа алғашқы болып Франция президенті Франсуа Олланд қол қойды. Сонымен бірге қол қойғандар арасында АҚШ, Ресей және Қытай бар.

Қазақстан, Сауд Арабиясы, Ирак пен Нигерия тәрізді кейбір мұнай өндіруші елдер келісімге қол қою ниетін әлі айқындаған жоқ.

Келісімге қол қойған әрбір мемлекет атмосфераға шығаратын парник газы көлемін азайтуға септесетіні туралы міндеттеме алады.

БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мун бұған дейін осыншама көп мемлекет халықаралық құжатқа бір күнде қол қойып көрмегенін атап өткен.

Құжатқа қол қойған әрбір мемлекет енді оны бекітуі тиіс. Атмосфераға көміртек қостотығын бөлуден алдыңғы орындарда тұрған Қытай бұл келісімді биыл сол елде өтеді деп жоспарланған «үлкен жиырмалық» саммитіне дейін ратификациялауға уәде беріп отыр.

Ғаламдық жылыну деңгейін Цельсий бойынша екі градустан асырмай ұстап тұру үшін жасалған халықаралық келісім күшіне енуі үшін оны кемінде 55 мемлекет мақұлдауы керек.

XS
SM
MD
LG