Accessibility links

Савченко өзін экстрадициялау құжатын алды


Надежда Савченко.
Надежда Савченко.

Ресей түрмесінде отырған украиналық ұшқыш Надежда Савченко өзін Украинаға экстрадициялауға қажетті құжаттарды алды. Савченконың адвокаты Марк Фейгиннің сөзінше, заңгер Николай Полозов Савченко отырған Новочеркасск қаласына оған құжаттарды толтыруына көмектесуге барады. Ол бұған қоса экстрадиция процесі бірнеше айға созылуы мүмкін дейді. РИА "Новости" агенттігіне берген сұхбатында Фейгин "Мен Савченкодан жазасын Украинада өтеу үшін экстрадициялауға рұқсатын алдым. Процесс басталды деп ойлаймын" деді.

Надежда Савченконы 22 наурызда Ростов облысының Донецк қалалық соты 2014 жылы жазда Луганск түбінде екі ресейлік журналистің қаза табуына қатысы бар деп айыптап, 22 жылға соттаған. 5 сәуірде Савченкоға шыққан үкім күшіне енген. Савченко өзін 2014 жылы маусымда Украина шығысында ресейшіл сепаратистер ұстап әкетіп, Ресейге заңсыз беріп жібергенін айтады.

Украина президенті Петр Порошенконың мәлімдеуінше, ол Ресей президенті Владимир Путинмен Савченконы Украинаның шығысында ұсталған ресейлік сарбаздарға айырбастау жоспарына келіскен. Киев ұсталған ресейліктер Ресей қарулы күштері қатарында қызмет ететін әскерилер дейді.

XS
SM
MD
LG