Accessibility links

Прокуратура жер дауына қатысты ескерту жасады


Қазақстан бас прокуратурасы, Астана (Көрнекі сурет).
Қазақстан бас прокуратурасы, Астана (Көрнекі сурет).

Қазақстан бас прокуратурасы жер дауына қатысты "арандатушылық ақпараттарды таратқандардың" жауапқа тартылатынын ескертіп, үндеу жасады.

Ресми ақпарат құралдарының хабарлауынша, жаңадан тағайындалған бас прокурор Жақып Асанов соңғы уақытта "бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде шетелдіктерге жер сатылатыны туралы арандатушылық мақсатындағы көпе-көрінеу жалған ақпарат тарату фактілері" пайда болғанын айтқан. Прокурор мұндай әрекеттерде "рұқсат етілмеген акциялар өткізу және оған қатысуға шақырған үндеулер, әлеуметтік және ұлттық араздық тудыру белгілері барын" мәлімдеген. Ол осыған байланысты мұндай әрекеттер "заң бұзу" екенін және ол үшін әкімшілік, қылмыстық жауапқа тарту қарастырылғанын ескерткен.

Бас прокурор осыған байланысты аймақтық органдарына аталған әрекеттерге "жауаптыларды анықтап, заңның бұлжытпай орындалуын қамтамасыз етуді" тапсырған.

Асанов сонымен қатар азаматтарды, әсіресе журналистер мен интернет қауымдастықтарға қатысы барларды аталған заң талабын бұлжытпай орындауды ескертіп, барлық жерде прокурорлық бақылау күшейетінін айтқан.

Қазақстандағы жерге қатысты дау наурыздың соңында ұлттық экономика министрі Ерболат Досаевтың 1 шілдеден бастап ауыл шаруашылығы жерлерінің аукцион арқылы сатылатыны туралы мәлімдемесінен соң басталған. 24 сәуірде Атырау қаласында мыңдаған адам қатысқан рұқсат етілмеген митинг өтіп, жиналғандар жер кодексіндегі өзгерістерге наразылық білдірген. 27 сәуірде Ақтөбе мен Семейде де жүздеген адам қатысқан наразылық жиындары болған. Қазақстандағы халық наразылығы өзге өңірлерде де жалғыз адамдық пикеттер түрінде жалғасып жатыр.

XS
SM
MD
LG