Accessibility links

АҚШ: Ресейдің Су-27 ұшағы америкалық ұшаққа жақын барған


Америкалық "Дональд Кук" эсминецін жақыннан айналып ұшып жүрген ресейлік Су-24 ұшағы.
Америкалық "Дональд Кук" эсминецін жақыннан айналып ұшып жүрген ресейлік Су-24 ұшағы.

Ресейдің Су-27 әскери ұшағы жұма күні Балтық теңізіндегі халықаралық әуе кеңістігінде америкалық RC-135 барлаушы ұшағына тым жақын барған деп мәлімдеді Пентагон өкілдері.

Олардың айтуынша, ресейлік ұшақ «әуе бөшкесі» деп аталатын әдісті қолданып, америкалық RC-135 ұшағының үстінен небары жеті жарым метрдей қашықтықта ұшып өткен. «Қауіпсіз емес және кәсіпқойлыққа жатпайтын мұндай әуе оқиғасы салдарынан екі ұшақтың да экипаждары жараланып, мертігіп қалуы мүмкін еді. Ең маңыздысы, ресейлік ұшқыштың кәсіпқойлықтан ада іс-әрекеті екі ел арасында қажетсіз шиеленіске себеп болар еді» деп мәлімдеген Пентагон өкілі Дэниэл Фернандес.

Бұл Балтық теңізі аумағында соңғы үш аптада осымен бірнеше рет қайталанып отырған оқиға. Бұған дейін 12 сәуірде ресейлік Су-24 ұшағы америкалық «Дональд Кук» эсминеці үстінен бірнеше қайта айналып ұшқаны хабарланған еді. 14 сәуірде ресейлік Су-27 ұшағы америкалық RC-135 барлаушы ұшағына тым жақын тақағаны туралы Пентагон өкілдері мәлімдеген. Олар мұндай оқиғалар Ресей Қырымды аннексиялап алған соң жиілеп кеткенін айтады.

Ресей ресми өкілдері өз ұшқыштарының әуеде қауіпті жаттығулар жасап, кәсіпқойлыққа тән емес іс-қимылға баратыны туралы айыптауларды жоққа шығарады. Америкалық талдаушылар мұндай оқиғалар АҚШ пен Ресей арасындағы жағдайды шиеленістіріп жіберуі мүмкін деп ескерткен.

XS
SM
MD
LG