Қазақстан премьерінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев бүгін Астанада Қытай Коммунистік партиясы орталық комитеті саяси бюросының мүшесі, Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданы (ШҰАА) партия комитетінің хатшысы Чжан Чуньсянмен кездесті.
Үкіметтің ресми сайтында хабарланғандай, Сағынтаев пен Чуньсян Қазақстан мен ШҰАА арасындағы екі жақты қарым-қатынастың қазіргі жайы мен оның даму келешегін талқылаған. Тараптар келіссөз барысында сауда-экономикалық, индустриалдық, инновациялық ынтымақтастықты, транспорт және ауылшаруашылығы саласындағы жобаларда өзара іс-қимылды да талқылаған.
"Қорғас" халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығының жұмысы күшейіп, "Достық - Алашанькоу" теміржолы арқылы жүк тасымалы ұлғайғанын және Ляньюньган теңіз портында ынтымақтастық артқанын айтқан Сағынтаев пен Чуньсян Қазақстан мен ШҰАА арасында аймақаралық ынтымақтастық форумын құрудың маңызды екенін білдірген.