Қазақстанда Қырғызстаннан картоп жеткізуге 4 мамырдан бастап уақытша тыйым салынды. Ауыл шаруашылығы министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, тыйым салуға Қырғызстаннан "жұмыр құрт түскен картоп" жеткізу оқиғалары себеп болған.
"Соңғы уақытта Қырғызстаннан карантиндік зат - картоп жұмыр құрты түскен картоп тасымалдау оқиғасы жиіледі. Қазақстан Еуразия экономикалық одағы (ЕАЭО) туралы келісімді, халықаралық карантин және өсімдікті қорғау туралы конвенцияны негізге ала отырып 4 мамырдан бастап Қырғызстаннан картоп жеткізуге уақытша тыйым салды" делінген министрлік хабарламасында.
Министрлік мәліметінше, қаңтар айынан бері Қырғызстанға жұмыр құрт түскен 1 мың тоннадан астам картоп кері қайтарылған. Қазақстан жағы залалды картоп көктемгі егіс науқаны кезінде "тұқымдық ретінде пайдаланылуы мүмкін" деп қауіптенеді.