Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев ел консттитуциясының кейбір тұсы "Қырғызстан егемендігіне нұқсан келтіреді және ол өзгертілуі тиіс" деп мәлімдеді.
Ресейдің "Интерфакс" агенттігіне берген сұхбатында Атамбаев "конституциядағы ондай кемшіліктер ұзамай өзгертілетінін" айтқан.
Бұдан бес күн бұрын Атамбаевтың көмекшісі Бусурманкул Таабалдиев БҰҰ Адам құқығы жөніндегі комиссиясының Қырғызстан жоғарғы сотының сотталған құқық қорғаушы Азимжан Асқаровқа шығарған шешімін қайта қарауға шақырғанын қатаң сынаған. Таабалдиев ол кезде БҰҰ комиссиясы Қырғызстанның ішкі ісіне килігіп отыр деген.
Қырғызстан конституицясы қырғыз азаматтарына өз құқығын қорғау үшін халықаралық соттарға шағымдануға мүмкіндік береді. Қырғызстан конституциясы бойынша, қырғыз билігі халықаралық сот институттарының шешімімен санасуы тиіс.
Этникалық өзбек Азимжан Асқаров 2010 жылы Қырғызстанның оңтүстігінде этникалық өзбектер мен қырғыздар арасында болған қақтығысты ұйымдастырды деген айыппен өмір бойына түрме жазасына кесілген. Ол бұған қоса қақтығыс кезінде полиция қызметкерінің қазасына да қатысы бар деп айыпталған.