Accessibility links

Путиншіл «Түнгі қасқырлар» байкерлер тобы Прагада қарсылыққа кезікті


Ресейлік «Түнгі қасқырлар» байкерлер клубы мүшелері Прага қаласында. Чехия, 7 мамыр 2016 жыл.
Ресейлік «Түнгі қасқырлар» байкерлер клубы мүшелері Прага қаласында. Чехия, 7 мамыр 2016 жыл.

Ресей президенті Владимир Путинді қолдайтын ресейлік «Түнгі қасқырлар» («Ночные волки») байкерлер клубының өкілдері өздерінің «Жеңіс жолымен» деп аталатын саяхаты аясында Чехия астанасына жетті. Ресейлік журналист Олег Пшеничный Facebook бұл туралы видеоны әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялады деп хабарлайды Азаттықтың Қырым редакциясы.

Прага көшесінде Украина, АҚШ, Еуропа Одағы мен НАТО туларын көтерген белсенділер автокөлікпен өтіп бара жатқан ресейлік байкерлерге қарата: «Ганьба!» (масқара, ұят - украинша), «Геть!» (кет, жоғал - украинша) деп ұран тастаған. Жекелеген белсенділер: «Басқыншылар құрысын!», «Чемодан! Вокзал! Ресей!» деп айғайлаған. Белсенділерге көліктерінің дыбыс белгісін қосып жауап қатқан байкерлер еш жерге аялдамастан өздерін жақтастары күтіп тұрған Прагадағы Ольшанка зиратына барып бір-ақ тоқтаған. Ол жерде байкерлер екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тапқан совет жауынгерлеріне қойылған ескерткішке гүл қойған.

«Түнгі қасқырлар» клубы өкілдеріне қарсылық білдірген белсенділер Праганың орталығындағы Вацлав алаңында хэппенинг (қойылым) көрсеткен. Олар Ресей басшысы Владимир Путин мен Чехия президенті Милош Земанды «жасыл киімдегі адамдар» кейпінде бейнелеп, Путинді Гитлерге ұқсатып салған үлкен суретті жазып ұстап тұрған.

Ресейлік «Түнгі қасқырлар» байкерлер клубының өкілдері Мәскеу - Берлин бағыты бойынша жыл сайын көлікпен саяхаттауды дәстүрге айналдырған. Байкерлер бұл шараның мақсаты – «нацизмге қарсы күрестегі жеңісті атап өту» екенін айтады. Олар биыл сапарға 29 сәуірде Мәскеуден шыққан. Ұйымдастырушылардың сөзінше, Беларус, Польша, Словакия, Австрия және Чехия аумағын басып өтетін саяхат 9 мамыр күні Берлинде аяқталмақ.

XS
SM
MD
LG