Қырым татары халқы мәжілісінің басшысы, Украина Жоғарғы радасының депутаты Рефат Чубаров Еуропа Одағынан (ЕО) Ресейге салған санкцияларын қатаңдатуды, соның ішінде мұнайға уақытша болса да эмбарго жариялауды, Мәскеуді SWIFT халықаралық банк коммуникациясы жүйесінен ажыратуды сұрады.
"Громадьске ТВ" украин телеарнасында сөйлеген депутат бұл ұсынысын "қырым татарларына қарсы репрессияның ұлғайып бара жатқанымен" түсіндірді.
Еуропа парламенті 12 мамырда Ресейдің қырым татарлары құқығын бұзуы жайлы резолюцияны талқылайды. Жиында Ресей аннексиялап алған Қырымдағы қырым татары халқына қатысты заң сақталуы және демократия мәселелері де сөз болмақ.
26 сәуірде Қырымның жоғарғы соты Қырым татары халқы мәжілісін экстремистік ұйым деп танып, оның Ресейде әрекет етуіне тыйым салған. Amnesty International халықаралық құқық қорғау ұйымы бұл шешімді сынаған.
Қырым татары халқы мәжілісі 2014 жылы Қырымның Ресейге қосылуына қарсы болған. 2015 жылы 20 қыркүйекте Қырымдағы саяси тұтқындарды босатуды, халықаралық бақылаушылардың бұл аймаққа еркін келуін, қырым татары халқына қарсы репрессияны тоқтатуды талап еткен азаматтық акция басталған.