Ресми Бішкек Астанамен Қазақстанға Қырғызстан картобын кіргізуге салынған тыйымды алу мәселесін талқылайды деп хабарлады Азаттықтың Қырғыз редакциясы.
Қырғызстанның мемлекеттік ветеринарлық және фитосанитарлық қауіпсіздік инспекциясы директорының орынбасары Руслан Бейшенкуловтың айтуынша, олар Қазақстанға Қырғызстан картобын кіргізуге тыйым салынғаны туралы ресми құжат алмаған. "Бірақ тыйым іс жүзінде салынған. Бүгін Астанаға бір топ маман Қазақстан жағымен картоп кіргузіге тыйым салуға себеп болған фактілерді тексеріп, келіссөз жүргізу үшін шығады" деген Бейшенкулов.
Оның сөзінше, 2016 дылдың қаңтарынан бері Қазақстанға 1 мың 400 тонна картоп экспортталған, оның 113 тоннасы картопқа жұмыр құрт түскен деп кері қайтарылған. Картоп жұмыр құрты өнімнің азаюына себеп болғанымен, адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмейді.
Қазақстан ауылшаруашылығы министрлігі 4 мамырдан бастап Қырғызстаннан картоп тасымалдауға уақытша тыйым салған. Министрлік бұған қырғызстандық картоптан картоп жұмыр құрты табылған оқиғалар көбеюі себеп болды дейді. Ресми мәлімет бойынша, 2016 жылдың қаңтарынан бері картоп жұмыр құрты түскен 79 оқиға тіркелген.