Accessibility links

Талғат Ермегияев сотта "пара алмағанын" айтты


"Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясының бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Ермегияев сотта отыр. Астана, 13 мамыр 2016 жыл.
"Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясының бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Ермегияев сотта отыр. Астана, 13 мамыр 2016 жыл.

Астанада "Астана ЭКСПО-2017" ұлттық компаниясының бұрынғы басқарма төрағасы Талғат Ермегияев пен компанияның басқа да басшыларының үстінен өтіп жатқан сот жалғасты.

Сотта Талғат Ермегияев бірінші рет сөз алып, өзіне тағылған айыптармен келіспейтінін мәлімдеді.

-­ Қандай да бір ақшалай заттар алғанымды айғақтайтын дәлел жоқ. Айыптау айыпталушылардың босату амалы немесе жазасын жеңілдету үшін маған қарсы мәжбүрлі куәлік көрсету сөзінен ғана тұрады. Айыпталушылар өздерінің жауапкершілігін, талан-таражыға салған қаржыларын маған жүктеу үшін тергеу кезінде сөздерін бірнеше рет ауыстырғанын ескерте кетейін. Пара алғанымды, қаржыны талан-таражыға салғанымды мойындамаймын, - деді айыпталушы Талғат Ермегияев.

Ол "ешқашан заңсыз тапсырма бермегенін, қол астындағыларды заңға қайшы іске итермелемегенін" айтты.

- Маған ақша беруді талап етпедім. Заңсыз құжаттар жасаған емеспін және оларға қол қойған жоқпын. Ақшаны талан-таражыға салуды жоспарлаған жоқпын, ол үшін ешкіммен сөз байласқан емеспін. Іс әрекетімнен қоғамға шығын келген жоқ,- деді айыпталушы Талғат Ермегияев.

Астананың мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер сотында «Астана ЭКСПО-2017» компаниясындағы қаржыға қатысты өтіп жатқан істегі басты айыпталушы Талғат Ермегиевқа қылмыстық кодекстің 311-бабының 5-тармағы, 176-баптың 4-тармағының «б» бөлімі (16.07.1997 жылғы редакциясымен), 189-баптың 4-тармағының 2-бөлімі бойынша айыптар тағылған. Тергеушілер дерегінше, Талғат Ермегияев 4 миллиард 200 миллион теңге көлеміндегі қаржыны заңсыз иеленген.

Талғат Ермегияев 2015 жылы маусым айында сот шешімімен үйқамамаққа алынған.

«Астана ЭКСПО-2017» компаниясы Астанада 2017 жылы өткізу жоспарланған халықаралық көрмеге дайындықпен айналысады.

XS
SM
MD
LG