Ресей астанасындағы Хованск зиратында сенбі күні болған жаппай төбелес салдарынан үш адам қаза тауып, он адам зардап шеккен деп хабарлайды Мәскеу полиция басқармасы. Құқық органдарының мәліметі бойынша, оқиға кезінде атыс қаруы да қолданылған, жаппай төбелеске 200-ге жуық адам қатысқан, елуден астам адам ұсталған.
Полиция зират аумағын қоршауға алып, оған кіретін жерге тосқауыл қойған, кіріп-шыққандарды тексеріп, күдіктілерді ұстаған деп хабарлайды «Интерфакс». Алдын ала мәлімет бойынша, жаппай төбелес зират аумағындағы ақылы жұмыстарды бөлісе алмаудан шыққан.
Құқық қорғау органдарындағы дерек көзіне сілтеме жасаған «Интерфакс» агенттігі зираттағы төбелеске Солтүстік Кавказдан барғандар мен Орталық Азия елдері өкілдері қатысқан деген ақпарат таратты.