Accessibility links

"Алаш жолы" белсендісі "жер комиссиясынан" шығатынын мәлімдеді


Азаматтық белсенді Мақсат Нұрыпбай.
Азаматтық белсенді Мақсат Нұрыпбай.

Қазақстанда үкімет жанынан құрылған «жер комиссиясының» алғашқы отырысынан кейін комиссия мүшелерінің бірі Мақсат Нұрыпбай оның құрамынан шықты. Бұл туралы мәлімдемесін ол сенбі күні кешкісін Facebook әлеуметтік желісіндегі парағында жариялаған.

«Жер қазақстандықтарға да, шетелдіктерге де сатылмасын, жалға да берілмесін деген ұстанымды комиссия отырысына қатысқан 70 адамның 11-і ғана қолдады және комиссия шешімі дауыс беру арқылы қабылданатын болды. Бұл үкімет өз дегенін істейді дегенді білдіреді... Билік халықты тағы да алдады» деп мәлімдеген ол.

Нұрыпбай сенбі күнгі жиында комиссияны парламент жанынан қайта құру, оның құрамына «Алаш жолы» қозғалысынан қосымша адамдар енгізу, жер мәселесіне қатысты қарсылық шерулеріне қатысқан азаматтарды қудалауды тоқтату, комиссия жұмысын бұқаралық ақпарат құралдарынан тікелей эфир арқылы көрсету туралы ұсыныстар жасаған еді.

«Біздің ұсынысымыз қолдау таппады. Комиссия жұмысы туралы ақпараттар кейбір арналарда біржақты көрсетіліп, сыни пікір айтқан комиссия жұмысына қатысушылардың пікірі эфирге шықпады» дей келе «Алаш жолы» белсендісі үкімет жанынан құрылған жер реформасы жөніндегі комиссия жұмысына толықтай сенімсіздік білдіретінін және комиссия құрамынан шығатынын мәлімдеген.

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев төрағалық ететін жер реформасы жөніндегі комиссия сенбі күні Астанадағы ұлттық мұражайда алғашқы отырысын өткізді. Жиынға комиссия құрамына енгізілгендердің басым көпшілігі қатысты. Атырауда 24 сәуірде жер мәселесі бойынша өткен қарсылық акциясын ұйымдастырушылардың бірі белсенді Макс Боқаев бірқатар талаптары орындалмайынша комиссия отырысына қатысудан бас тартқан. Ол ең әуелі жер кодексіне енгізілген өзгертулерге қарсылық білдірген азаматтарға қысым жасауды доғаруды талап еткен.

«Жер комиссиясы» Қазақстан жер кодексіндегі соңғы бірнеше өзгерістің күшіне енуіне Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев 5 мамыр күні мораторий жариялаған соң үкімет жанынан құрылған. Мораторий Қазақстанның бірнеше аймағында ауылшаруашылығы мақсатындағы жерді сату және шетелдіктерге жалға беру мерзімін ұзартуға қарсы шерулер өткеннен кейін енгізілген еді.

XS
SM
MD
LG