Accessibility links

Венесуэла президенті ереуілдеп жатқан кәсіпорындар иелерін «түрмеге тығам» деп қорқытты


Оппозиция жақтастарының шеруі. Каракас, 11 мамыр 2016 жыл.
Оппозиция жақтастарының шеруі. Каракас, 11 мамыр 2016 жыл.

Венесуэла президенті Николас Мадуро жұмысын тоқтатқан зауыт-фабрикалар басып алынатынын, ал олардың иелері түрмеге қамалатынын айтып қорқытты. Каракаста жақтастары алдында сөйлеген сөзінде Мадуро Венесуэла экономикадағы терең дағдарысқа қарсы тұру үшін өндірісті қалпына келтіруі тиіс деп мәлімдеді.

Кеше Венесуэлада президентті қолдаушылар мен оған қарсылар шерулер өткізген. Оппозиция сайлау кеңесіне президенттің өкілетін мерзімінен бұрын тоқтату туралы референдум өткізу жөнінде 1,85 миллионға жуық адам қол қойған талап-хат тапсырған.

Колумбия президенті Альваро Урибе Венесуэладағы оппозициялық партияларды қорғауға шақырғаннан кейін Николас Мадуро әскери жаттығулар өткізуге бұйрық берді.

13 мамырда Мадуро «шетелдік басқыншылықтың ішкі және сыртқы жауларына қарсы тойтарыс беру үшін» Венесуэлада екі айға төтенше жағдай жариялаған.

Венесуэла әлемдегі ең ірі мұнай кеніштеріне иелік етеді, бірақ соңғы жылдары әлемдік базарда мұнай бағасының арзандауы ел экономикасына ауыр зардабын тигізді. 2015 жылы Венесуэлада экономикалық құлдырау алты пайызға жуықтады. Соның салдарынан елде азық-түлік тауарлары тапшы болып, баға қымбаттап кетті.

XS
SM
MD
LG