Accessibility links

Шымкентте тағы бір журналисті прокуратураға шақыртты


Жерге қатысты жиын өтеді деген маңайды бақылап жүрген полицейлер. Шымкент, 28 сәуір 2016 жыл. (Көрнекі сурет)

Шымкенттегі «Темірқазық-ой» газетінің бас редакторы Анар Сүлеева Азаттыққа бүгін таңертең прокуратураға өзін ауызша түрде шақыртқанын хабарлады.

"Бүгін таңертең сағат 8:30 шамасында үйіме өзін "Еңбекші аудандық ішкі істер бөлімінің учаскелік полицейі" екенін айтып, аты-жөнін толық айтудан бас тартқан азамат келіп, Еңбекші аудандық прокуратурасы шақыртып жатқанын хабарлады. Өзімен бірге жүруді сұраған полицейден не мақсатта шақыртып жатқанын сұрағанымда «21 мамыр күні өтуі мүмкін жер туралы митингке байланысты» екенін жеткізді" дейді Анар Сүлеева.

Анар Сүлееваның сөзінше, ол учаскелік полиция қызметкеріне прокуратурадан арнайы шақырту хат келмейінше ешқайда да бармайтынын ескерткен.

Шымкент қаласы Еңбекші аудандық жергілікті полиция бөлімінің басшысы, полиция подполковнигі Бегалы Серікбай Азаттыққа бүгін таңертең Анар Сүлееваның үйіне учаскелік полиция қызметкерінің прокуратураның шақыртуын жеткізу үшін барғанын растады.

"Неліктен шақыртып жатқанын біз білмейміз. Біз өз міндетімізді атқарып отырмыз. Егер шақырту хат керек болса, жеткіземіз. Аудан бойынша прокуратура төрт адамды шақыру керегін айтты" дейді Бегалы Серікбай.

Бегалы Серікбай кеше кешке Азаттықтың тілшісі Дилара Исаға да Еңбекші аудандық прокуратурасынан шақырту болғанын айтты.

XS
SM
MD
LG