Accessibility links

Алматыда тағы бір адам 15 тәулікке қамалды


Мөлдір Адылова. Алматы, 18 мамыр 2016 жыл.
Мөлдір Адылова. Алматы, 18 мамыр 2016 жыл.

Алматының әкімшілік соты бүгін қала тұрғыны Мөлдір Адылованы әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 488 бабы (рұқсатсыз митинг ұйымдастыру) бойынша айыптап, 15 тәулікке абақтыға жапты.

Азаттық тілшісінің соттан хабарлауынша, Адылованы сот залынан қамауға алып кеткен.

Мөлдір Адылова - Алматыда "рұқсатсыз митинг ұйымдастырмақ болды" деген айыппен кешелі бері әкімшілік қамауға алынған бесінші адам. Кеше түнде әкімшілік сот құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожинаны, белсенділер Марат Уатхан мен Жалпыұлттық социал-демократиялық партия мүшесі Қуат Күнболатовты және Сүйіндік Алдабергеновті 488 бап бойынша айыптап, 15 тәулікке қамаған.

15 мамырдан бері Алматыда ғана емес, Астанада және аймақтарда да полиция әлденеше азаматты ұстап, олардың үйлерін, кейбір қоғамдық ұйым кеңсесін тінтіп жатқаны хабарланып жатыр. Кей аймақтарда белсенділер мен журналистерді прокуратураға шақыртты.

Мұндай оқиғалар 21 мамыр - "жер дауына қатысты ел бойынша митинг өтеді" деп бір айдай уақыт бұрын хабарланған күн қарсаңында болып жатыр.

Наурыздың соңында ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев үкімет шілденің 1-інен бастап елде ауыл шаруашылығы жерлерін азаматтарға жеке меншікке аукцион арқылы сату және шетелдіктерге жалға беру мерзімін 10 жылдан 25 жылға дейін ұзартуды жоспарлап отырғанын хабарлаған. Сәуірдің 24-інен бері Атырау, Ақтөбе, Семей, Қызылорда, Ақтау, Жаңаөзен, Алматы,Орал қалаларында жер туралы заңға енгізілген өзгерістерге қарсы ірілі-ұсақты наразылық акциялары өткен.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұл оқиғалардан соң, 5 мамырда жер кодексіндегі жұртты наразы еткен өзгерістердің күшіне енуіне осы жылдың соңына дейін мораторий жариялап, жер реформасы бойынша комиссия құруды бұйырған.

Жер реформасы бойынша комиссияның алғашқы отырысы мамырдың 14-і күні өткен.

XS
SM
MD
LG