Семейде азаматтық белсенділер Фарид Ишмухаметов пен Кенжебек Сұлтанбеков рұқсатсыз митинг ұйымдастыру айыбымен 15 тәулікке қамалды. Бұл туралы Азаттыққа семейлік белсенділер Марлан Есілбаев пен Майра Әбенова хабарлады.
Оның сөзінше, Семей қалалық әкімшілік сотында 18 мамырда Фарид Ишмухаметовке қатысты сот кешкі сағат 21:30 шамасында басталып, 23;30 шамасында аяқталған. Ол сотқа өзін кіргізбегенін, сыртта бақылап тұрғанын, сотқа мемлекет тағайындаған адвокат қатысқанын айтады.
Майра Әбенованың сөзінше, Кенжебек Сұлтанбековке қатысты сот 19 мамырға ауған түнге дейін созылған. Әбенова Ишмухаметов пен Сұлтанбеков бұған дейін қалалық әкімдікке 21 мамырда жер мәселесіне қатысты митирг өткізуге рұқсат сұрап хат тапсырғандардың бірі екенін айтады. Семей қалалық әкімдігі белсенділерге митингке рұқсат беруден бас тартқан.
Азаттық тілшісіне қамалған белсенділер туралы Семей қалалық әкімшілік сотынан ресми ақпарат алу мүмкін болмады.