Accessibility links

EgyptAir ұшағы Жерорта теңізінде радардан жоғалды


EgyptAir компаниясының ұшағы (Көрнекі сурет).
EgyptAir компаниясының ұшағы (Көрнекі сурет).

Египеттің EgyptAir ұлттық әуе компаниясы Парижден Каирге MS804 рейсі бойынша ұшып шыққан жолаушылар ұшағы радардан жоғалып кеткенін мәлімдеді.

Бортында 66 адамы бар (56-сы - жолаушы, 10-ы - экипаж мүшесі) Airbus A320 ұшағы радардан Египет әуе кеңістігіне кірген соң ұзамай жоғалған. EgyptAir компаниясы Twitter-дегі парақшасында ұшақпен байланыс Египет әуе кеңістігінде шамамен 16 километр биіктікте ұшып бара жатқанда жоғалғанын жазады. Ұшақ Жерорта теңізі үстінде ұшып келе жатқанда радарға көрінбей кеткен.

Twitter-дегі ақпаратта тиісті ведомстволарға хабар беріліп, ұшақ іздестіріліп жатқаны айтылады.

Биыл наурыз айында осы компанияның Александриядан Каирге ұшып шыққан ұшағын египеттік ер адам басып алып, ұшақты күштеп Кипр әуежайына қондырған. Ұшақты басып алған адам әуежайда өзін бұрынғы әйелімен кездестіруді талап еткен. Ұшақты басып алған адам алты сағат келіссөзден соң беріліп, оқиға бейбіт аяқталған.

2015 жылдың қазан айында Синай түбегінде ресейлік Metrojet компаниясының Airbus A321 ұшағы апатқа ұшырап, борттағы 224 адам түгел қаза тапқан. Ресей үкіметі мен Батыс елдері "ұшақ бортына жасырылған бомба жарылып, лайнер апатқа ұшырады" деп мәлімдеген. Экстремистік "Ислам мемлекеті" ұйымы өз содырлары ұшақ бортына бомба жасырғанын мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG