Accessibility links

Алматыда Азаттық тілшілерін полиция ұстады


Алматыдағы Республика алаңынан төмен Абай даңғылының бойында жиналып, кетіп бара жақан адамдар. Алматы, 21 мамыр 2016 жыл.
Алматыдағы Республика алаңынан төмен Абай даңғылының бойында жиналып, кетіп бара жақан адамдар. Алматы, 21 мамыр 2016 жыл.

Алматыда Азаттық тілшілері Вячеслав Половинко мен Нұртай Лаханұлын Республика алаңынан төмен Абай даңғылында полиция ұстады. Вячеслав Половинконың хабарлауынша, оны қоршаудағы алаңға бірнеше журналист пен тұрған адамды полиция автобусына отырғызып, Алмалы аудандық ішкі істер басқармасына алып бара жатыр.

Бұған дейін Вячеслав Половинко редакцияға полиция қызметкерлері мен полиция арнайы жасағы сап түзеп Абай даңғылында тұрған адамдарды алаң маңынан тықсырып бара жатқанын хабарлаған. Ол мұның алдында "Дети" деген жазуы бар автобустардан түскен бетіне маска киген полиция жасағы адамдарды автозакке тией бастағанын айтқан.

Ал Нұртай Лаханұлы өзі мен ондаған адамды Абай даңғылы мен Желтоқсан көшесінің қиылысынан ұстағанын айтады. "Автобуста отыздан астам адам бармыз. Ұсталғандар арасында журналист Гүлжан Ерғалиева да бар. Қайда апарытнын айтқан жоқ. Редакция тапсырмасымен келгенімді айтсам да, оған қарайтын емес" дейді Нұртай Лаханұлы.

Бүгін түске дейін Алматыда Азаттық тілшісі Асылхан Мамашұлы да ұсталып, Әуезов аудандық ішкі істер басқармасына жеткізілген. Астанада Мәди Бекмағанбет пен Ержан Әмірханов ұсталып, Сарыарқа аудандық ішкі істер басқармасына апарылды. Шымкентте таңертең Азаттық тілшісі Дилара Иса ұсталған. Қазір онымен байланыс жоқ. Оралда да Азаттық тілшісі Санат Орын-Әли ұсталды.

Атырауда бүгін Азаттық тілшісі Сәния Тойкен екінші рет ұсталды. Таңертең ол ұсталып, полиция оның құжаттарын көшірмеден өткізіп алған соң біраз уақыттан кейін босатылған. Кейін оны қайта ұстап, Атырау ішкі істер департаментіне әкеткен.

XS
SM
MD
LG