Accessibility links

"Әділ сөз": 21 мамырда 44 журналист ұсталған


Астанада ұсталған Азаттық тілшілері Ержан Әмірханов (сол жақта) пен Мәди Бекмағанбет полиция басқармасында. Астана, 21 мамыр 2016 жыл.
Астанада ұсталған Азаттық тілшілері Ержан Әмірханов (сол жақта) пен Мәди Бекмағанбет полиция басқармасында. Астана, 21 мамыр 2016 жыл.

Қазақстанда 21 мамыр күні полиция 44 журналист пен БАҚ және журналистер құқығын қорғау ұйымы өкілдерін ұстаған деп хабарлады "Әділ сөз" халықаралық сөз бостандығын қорғау ұйымы. Ұйым ұсталған журналистердің тізімін де жариялаған.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде 21 мамырда Қазақстанда жер мәселесіне қатысты жаппай митинг өтетіні туралы ақпараттар тараған. 21 мамыр күні полиция күшейтілген жұмыс тәртібіне көшіріліп, бірнеше қалада орталық алаңдар мен халық жиналатын жерлер жабылған. Алматы, Астана, Орал, Атырау, Шымкент, Ақтөбе, Қарағанды қалаларында полиция алаңдарға жақын жерлерден ондаған адамды ұстап әкеткен. Сол күні Алматыда орталық Республика алаңына жақын маңға жиналып, жер мәселесіне қатысты пікір білдіре бастаған ондаған адамды полиция ұстап әкеткен. Алматыда және басқа да қалаларда ұсталғандар арасында ондаған журналист, оның ішінде Азаттық тілшілері де бар. Журналистердің біразын митинг өткен және өтуі ықтимал жерлерден хабар таратып жүргенде, кейбірін жеке өзі жүргенде сөзге келмей ұстап әкеткен.

Ұсталған журналистердің көпшілігі сол күні босатылған. Алматыда ұсталған "Жас Алаш" газетінің бас редакторы Рысбек Сәрсенбайға "қоғамдық тәртіпті бұзғаны" үшін 42 мың теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынған. Ал "Уральская неделя" газетінің бас редакторы Тамара Еслямоваға "бейбіт жиын, шеру мен пикет ұйымдастыру мен өткізу тәртібі туралы заңнаманы бұзғаны" үшін 106 мың теңге айыппұл салынған.

21 мамыр күні Астанада брифингте сөйлеген ішкі істер министрлігі әкімшілік полициясы комитетінің төрағасы Александр Лепеха журналистерді ұстау "түсінбестіктен" болғанын мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG