Қазақстанда Азаттық сайтының ашылмай тұрғанына бүгін төртінші күн болды. Оқырмандар кеше сайт кей аймақтарда кейбір провайдер арқылы бірер сағатқа кіре алғанын айтқанымен, бүгін сайт қайта ашылмай қалды. Азаттықтың мобильді нұсқасынан өзге azatkaz.info деп аталатын қосымша адресі де ашылмай тұр.
Азаттық сайты Қазақстанда әлеуметтік желілерде Қазақстанда жер мәселесіне қатысты жаппай бейбіт митингіге шақырған 21 мамырға қараған түні ашылмай қалған.
21 мамыр күні Қазақстанның бірнеше қаласы - Алматы, Астана, Шымкент, Атырау, Орал, Павлодарда полиция жүздеген адамды көшеден, үйінен ұстап алып кетіп, сол күні көбін босатқан. Алматыда 21 мамырда орталық Республика алаңы маңында полиция жер мәселесіне қатысты ой-пікірлерін білдіруге жиналған ондаған адамды ұстап әкеткен. Ұсталғандар арасында журналистер, оның ішінде Азаттықтың аймақтардағы тілшілері де бар. құқық қорғаушылар мен белсенділер де бар.