Accessibility links

Грекия Идомени лагерінен босқындарды көшіре бастады


Грекия Идоменидегі лагерьден көшіріліп жатқан босқындарды қадағалап жүр. Грекия, 24 мамыр 2016 жыл.
Грекия Идоменидегі лагерьден көшіріліп жатқан босқындарды қадағалап жүр. Грекия, 24 мамыр 2016 жыл.

Грекия билігі 24 мамырда елдің Македониямен шекарасындағы Идомени елді мекенінде орналасқан лагерьден босқындарды біртіндеп көшіре бастады.

Үкіметтік босқындар ісі жөніндегі дағдарысқа қарсы комитеті өкілі Йоргос Киритсистің мәлімдеуінше, босқындарды көшіру операциясы 7-10 күн уақытты алады. Көшіру жұмысына 200-ден астам полиция қызметкері жұмылдырылған. Олар қазір елді мекенге кіретін жолдарды жауып тұр. Киритсистің сөзінше, полиция күш қолданбайды. Журналистерді Идомениге кіргізбейді.

Македониямен шекарадағы лагерьде шамамен 8 мың 400 адам бар. Оларды босқындарға арнап тұрғызылған жаңа орталықтарға көшірмек. Босқындардың көпшілігі - Сирия, Ирак, Ауғанстан азаматтары. Грекияға олар негізінен Түркиядан теңіз арқылы барған.

Балқан түбегі елдері мен Еуропа Одағы (ЕО) елдері өткен жылы босқындардың ағылуына байланысты шекарасында бақылауды күшейткеннен бері Грекияға 54 мыңнан астам мигрант барған.

ЕО мен Түркия арасындағы келісімге сай, Анкара заңсыз келген мигранттарды кері қайтарып алуға міндеттелген. Ал ЕО мұның есесіне босқындарды ұстап тұруға қаржылай және басқа да көмек көрсетпек.

XS
SM
MD
LG