Қазақстанда төрт күннен бері жабық тұрған Азаттық сайты бүгін қайта ашылды.
Сайт "Қазақстанда жер мәселесіне қатысты жалпыхалықтық митинг өтеді" делінген 21 мамырға қараған түннен бастап елдің бірқатар аймақтарында ашылмай қалған. Интернет қолданушылардың хабарлауынша, Алматы, Астана, Шымкент, Атырау қалаларында Азаттық сайтына да, мобильді қосымшасына да кіру қиындаған. Билік тарапынан бұған байланысты жауап болмаған.
Қазақстанда сонымен қатар 21 мамырға қараған түннен бастап ашылмай тұрған "Уральская неделя" (Батыс Қазақстан облысы) басылымының сайты да бүгіннен бастап қайта оқыла бастады.
21 мамыр күні Қазақстанның бірнеше қаласы - Алматы, Астана, Шымкент, Атырау, Орал, Павлодарда полиция жүздеген адамды көшеден, үйінен ұстап алып кетіп, сол күні көбін босатқан.
Алматыда 21 мамырда Республика алаңы маңында полиция жер мәселесіне қатысты ой-пікірлерін білдіруге жиналған ондаған адамды ұстап әкеткен. Ұсталғандар арасында журналистер, оның ішінде Азаттықтың аймақтардағы тілшілері де бар. құқық қорғаушылар мен белсенділер де болған.