Accessibility links

Батыс елдері Надежда Савченконың бостандыққа шығуын құптады


Украина президенті Петр Порошенко (оң жақта) және Надежда Савченко. Киев, 25 мамыр 2016 жыл.
Украина президенті Петр Порошенко (оң жақта) және Надежда Савченко. Киев, 25 мамыр 2016 жыл.

Еуропа одағының сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы комиссары Федерика Могерини Надежда Савченконың бостандыққа шығуын «көптен күткен жақсы жаңалық» деп атады. Германия сыртқы істер министрі Франк-Вальтер Штайнмайер Савченконың еркіндікке шыққаны туралы хабарды естігенде қуанышпен бірге, бұл мәселе бойынша атқарылған «көп жұмыстан» кейін өзін жеңіл сезінгенін мәлімдеді.

«Әйтеуір босады» деп жазды Литва президенті Даля Грибаускайте Twitter парақшасында.

Надежда Савченконың түрмеден босап шығуын АҚШ ресми өкілдері де құптады. «Бұл еркін әлемнің бірлескен іс-әрекеті нәтиже беретінін көрсетеді» деп жазды АҚШ сенаторы Роб Портман.

Украина президенті Петр Порошенко сәрсенбі күні Киевтегі резиденциясында Надежда Савченкомен бірге жасаған мәлімдемесінде украиналық ұшқышты Ресей түрмесінен босатуға жәрдемдескені үшін АҚШ пен Еуропа Одағы елдеріне алғыс білдірді.

Надежда Савченко 25 мамыр күні Ресей президенті Владимир Путин оған рақымшылық жариялау туралы жарлыққа қол қойған соң бостандыққа шықты. Сол күні Украина президенті Петр Порошенко осы елде терроризм айыбымен сотталған Ресей азаматтары Евгений Ерофеев пен Александр Александровқа рақымшылық жариялады. Ерофеев пен Александров та сәрсенбіде Отандарына оралды. Баспасөз құралдарының хабарлауынша, Савченконы ресейлік екі азаматқа алмастыру туралы түпкілікті шешім 24 мамырға қараған түні Германия, Франция, Ресей және Украина басшыларының қатысуымен телефон арқылы өткен «норман форматындағы» келіссөздер нәтижесінде қабылданған.

XS
SM
MD
LG