Accessibility links

Алматыда "репрессияға қарсы" ұйым құрылды


Жанболат Мамай, қоғамдық белсенді
Жанболат Мамай, қоғамдық белсенді

26 мамыр күні Алматыда бір топ азаматтық белсенді жер реформасына қарсы пікір білдіргені үшін әкімшілік және қылмыстық жазаға тартылған азаматтарды қорғау мақсатында "Араша" комитетін құрғанын мәлімдеді. Бұл туралы Азаттыққа комитеттің бастамашыл тобының мүшесі, қоғамдық белсенді Жанболат Мамай хабарлады.

- Қазір Қазақстанда репрессиялық жағдай болып жатыр. Ондаған адам әкімшілік жазаға тартылып, қамауда отыр. Атырауда қылмыстық іс қозғалып, 8 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылғалы отыр. Осындай жағдайда біз комитет құру керек деп шештік, - деді Мамай.

Оның сөзінше, комитетке Евгений Жовтис, Рысбек Сәрсенбайұлы, Гүлжан Ерғалиева, Ермұрат Бәпи, Жарылқап Қалыбай, Әміржан Қосанов, Маржан Аспандиярова мен Инга Иманбай сынды қоғамдық белсенділер кірген.

- Бұл әзірге бастамашыл топ мүшелері. Бұл тізім әлі де толықтырылады. Онда саясаткерлерден гөрі, ең бастысы заңды жақсы білетін заңгерлер, құқық қорғаушылар мен журналистердің болғанын қалаймыз, - деді Жанболат Мамай.

Қазақстанның бірнеше облысында сәуірдің соңынан бастап үкіметтің жер реформасына қарсы стихиялық митингілер өткен. Полиция "рұқсат етілмеген жиын ұйымдастырды" деген айыппен 21 мамыр күні ел бойынша мыңнан астам адамды ұстаған. Олардың кейбірі 15 күндік қамау жазасына кесілген.

XS
SM
MD
LG