Ирак премьер-министрі Хайдар әл-Абади қауіпсіздік күштері Фаллуджа қаласын "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымынан қайтарып алуға күш сала алуы үшін 27 мамырға жоспарланған үкіметке қарсы шерулерді тоқтата тұруға шақырды.
Шииттердің ықпалды діни көсемі Муктада әл-Садрдың жақтастары бірнеше айдан бері әр жұмада Бағдадтың қатаң күзетілетін "Жасыл аймағында" "қызметі тиімсіз әрі коррупцияға батқан саяси жүйені" реформалауды талап етіп, қарсылық акцияларын өткізіп келеді.
Демонстранттарды содырлар шабуылынан қорғау үшін әдетте "Жасыл аймаққа" қосымша қауіпсіздік күштері жеткізіледі.
Соңғы апталарда демонстранттар "Жасыл аймақты" қоршап тұрған қабырғаларды бұзып, Ирак парламенті мен үкімет ғимараттарына басып кіріп, елдегі саяси жағдайды шиеленістіре түскен.
"Біз жастардан демонстрацияларын Фаллуджаны қайтарып алғанша тоқтата тұруды сұраймыз. Фаллуджаны қайтару операциясына ерекше күш салу керек" деді Хайдар әл-Абади. 26 мамырда Фаллуджа операциясы қолбасшылығына барғанында.
"Демонстрациялар өткізу дұрыс, бірақ қауісіздік күштерімізге қысым болады" деді Абади. Ол ирактықтарды "ИМ содырлары бейбіт тұрғындарға қарсы қылмыс пен зорлық-зомбылық жасауға тырысатындықтан қырағы әрі абай болуы керегін" айтты.