"Үлкен жетілік" (G7) елдері Ресейге Украинадағы қақтығысқа килігуіне байланысты салған санкцияларын ұзартуға уағдаласты. Бұл туралы Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон Жапонияда өткен "Үлкен жетілік" елдері саммитінің қорытындысы бойынша өткен баспасөз жиынында мәлімдеді.
Оның сөзінше, G7 елдері басшылары Минск келісімі толық орындалмайынша Мәскеуге қарсы салынған санкциялар күшінде қалуы тиіс деп санайды.
Саммит мәлімдемесінде G7 елдері Қырымның заңсыз аннексияланғанын айыптайтыны және Қырымның Ресейге қосылуы туралы референдум қорытындысын мойныдамау саясатын ұстана беретіні айтылған.
G7 елдері бұған қоса Украинадағы қақтығысқа қатысушы барлық тарапты соғыс іс-қимылдары аймағында ұрысты толық тоқтатудың нақты шараларын жасауға шақырады.
G7 елдері саммитіне АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Канада, Жапония, Италия және Германия басшылары мен Еуропа Одағы басшылары қатысты.
Бір күн бұрын Еуропа кеңесінің басшысы Дональд Туск Еуропа Одағы алдағы екі-үш аптада қандай да Ресейге қарсы санкцияны бір күрделі талқылау жасамай-ақ ұзартатынына сенім білдірген.
Еуропа Одағының Ресейге қарсы санкциясының күші шілденің соңында аяқталады.