Accessibility links

Прокуратура: Арандатушылар тәртіпсіздік ұйымдастырмақ болған


Қазақстан бас прокуратурасы, Астана (Көрнекі сурет).
Қазақстан бас прокуратурасы, Астана (Көрнекі сурет).

Қазақстан бас прокуратурасы елде "арандатушылардың" "жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырмақ болғаны" туралы мәлімдеді.

Прокуратураның бүгін таратқан "жер мәселесі" бойынша рұқсат етілмеген қарсылық жиындарын өткізу әрекеті туралы мәлімдемесінде жекелеген адамдардың тұрғындарды "қоғамдық-саяси жағдайды шайқалтып, ұлтаралық алауыздық тудыру және билікті басып алу" мақсатымен рұқсат етілмеген митингілерге шығаруға тырысқаны айтылады.

Прокуратура түрлі аймақтардағы "арандатушылардың" өз іс-әрекетін үйлестіріп отырғанын айғақтайтын әлдебір мәліметтер барын айтады. Мәлімдемеде бірқатар аймақтарда, оның ішінде Орал мен Атырауда "бейбіт акция деген ұранмен билікке күшпен, оның ішінде қарулы қарсы тұруға дайындық болғаны" айтылады. Бас прокуратура түрлі аймақтардағы рұқсат етілмеген митингілер - бір-бірімен жалғасқан дейді. Прокуратура "мұндай құқыққа қайшы іс-әрекетті заңсыз қаржыландыру мәселесі зерттеліп, ол туралы ақпарат өңделіп жатқанын" айтады.

Қазір 30-ға тарта белсенді жер мәселесі бойынша рұқсат етілмеген митинг өткізуге шақырды деген айыппен әкімшілік қамауда отыр. Олар өткен аптада, 21 мамырда өтеді делінген "жер мәселесі бойынша бүкілқазақстандық митингіге" дейін қамалған.

Өткен сенбіде полиция бірнеше аймақта орталық алаңдар мен халық көп жиналатын жерлерді қоршап, митинг өткізу әрекетін болдырмай тастаған. Ал алаңға бармақ болғандар ұсталған. Ұсталғандар арасында ондаған журналист, оның ішінде Азаттық тілшілері де бар.

Қазақстанда жер мәселесі бойынша алғашқы ірі митинг 24 сәуірде Атырауда болған. Бұдан соң басқа бірнеше қалада наразылық акциялар өткен. Қарсылық жиындары аясында үкімет жанынан жер реформасын талқылайтын комиссия құрылған. Кейбір қоғамдық және азаматтық белсенділер үкімет жасақтаған комиссия құрамында жұмыс істеуден бас тартқан.

XS
SM
MD
LG