Accessibility links

Путин: Савченкоға қаза тапқандардың туыстарының өтінішімен рақымшылық жасадым


Ресей түрмесінен босап Отанына оралған украиналық әскери Надежда Савченко журналистер алдында сөйлеп тұр. Киев, 25 мамыр 2016 жыл.
Ресей түрмесінен босап Отанына оралған украиналық әскери Надежда Савченко журналистер алдында сөйлеп тұр. Киев, 25 мамыр 2016 жыл.

Ресей президенті Владимир Путиннің сөзінше, украиналық әскери Надежда Савченкоға рақымшылық жариялаудың Минск келісімдеріне қатысы жоқ және оны түрмеден босатуға қаза тапқан ресейлік журналистердің туыстарының өтініші негіз болған. Путин бұл туралы жұма күні Грекия премьер-министрі Алексис Ципраспен келіссөздерден соң баспасөз мәслихатында мәлімдеген.

Оның айтуынша, Ресей президентіне қаза тапқан журналистердің бірінің жесірі мен туған апайы Савченкоға рақымшылық жариялау туралы өтініш жасаған. Сонымен бірге Путин Савченкоға рақымшылық жасау және тұтқынды еліне қайтару туралы мәселені Украина президенті Петр Порошенкомен бірталай уақыт бойы талқылағанын айтқан.

Кремль басшысы өз сөзінде бұл мәселеде ең бірінші міндет – Украинада сот үкімі бойынша бас бостандығынан айрылған ресейлік екі азаматты Отанына қайтару болғанын мәлімдеген. Ол қаза тапқан журналистердің туыстарының пікірін білмейінше Савченкоға рақымшылық жариялау туралы шешімді қабылдай алмағанын айтқан.

Ресей соты Украинаның Луганск қаласы түбінде екі ресейлік журналистің қаза табуына қатысы бар деп айыптап, 22 жылға түрмеге кескен Надежда Савченко 25 мамырда Украинаға оралған. Киев оны Украинаның шығысында ұсталып, «сепаратистер жағында соғысты» деген айыппен сотталған екі ресейлікке айырбастаған.

XS
SM
MD
LG