Мамырдың 28-і күні Астанада жер мәселесі бойынша үкімет жанынан құрылған комиссияның үшінші отырысы басталды. Ұлттық мұражайда жұмысын жалғастырған комиссияға премьер-министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев төрағалық етіп отыр.
Алдын ала хабарланғандай, комиссияның бүгінгі отырысында «шетелдіктерге жалға жер беру» мәселесі талқыланады.
Азаттық Астанадағы «жер комиссиясы» отырысынан тікелей видеотрансляция жүргізіп жатыр.
Қазақстанның бірнеше аймағында ауылшаруашылығы мақсатындағы жерді жекешелендіру және шетелдіктерге жалға беру мерзімін ұзартуға қарсылық акциялары өткен соң ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев 5 мамыр күні заңның даулы баптарына мораторий жариялап, жер реформасын талқылау үшін үкімет жанынан комиссия құрылған. Оның құрамына парламент депутаттары, үкімет мүшелері, саяси партиялар мен агробизнес, салалық қауымдастықтар өкілдері, ғалымдармен бірге енгізілген азаматтық белсенділердің кейбірі кейін комиссия қатарынан шығатындарын мәлімдеген.