Солтүстік Корея әскери мекемесі бүгін жасаған мәлімдемесінде егер өзіне тиесілі теңіз аумағына тіпті «0,001 миллиметр енетін» болса Оңтүстік Кореяның кез-келген әскери кемесіне ешқандай ескертусіз оқ ататынын ескертті.
Бұдан бір күн бұрын Солтүстік Кореяның екі кемесі Сары теңіздегі даулы шекара белдеуін кесіп өткен соң Оңтүстік Корея кемелері ескерту ретінде әуелете оқ атқан. Пхеньян әлгі екі кемеде қару-жарақ болған жоқ, олардың бірі балық аулайтын кеме және екеуі де теңіздің Солтүстік Кореяға тиесілі аумағында жүзіп жүрген дейді.
Ақпанның басында теңіздің дәл осы тұсында Солтүстік Кореяның күзет қайығы шекаралық сызықты кесіп өткен соң Оңтүстік Корея кемелері ескерту жасап әуеге оқ атқан.
Пхеньян 1953 жылы, Корей соғысының соңына қарай БҰҰ екі елдің арасындағы шекара ретінде белгілеген «батыс шектеу сызығын» мойындамайды.