Accessibility links

БҰҰ: Жерорта теңізінде жүздеген мигрант хабарсыз кеткен


Италия жағалауына жақын маңда теңізде аударылған қайықта болған адамдарға көмекке келген құтқарушылар. 25 мамыр 2016 жыл.
Италия жағалауына жақын маңда теңізде аударылған қайықта болған адамдарға көмекке келген құтқарушылар. 25 мамыр 2016 жыл.

Соңғы бірнеше тәулік ішінде Солтүстік Африкадан Еуропа құрлығына Жерорта теңізі арқылы жетпек болған 700-ден аса мигрант суға кетіп опат болған деген болжам айтылып отыр. БҰҰ-ның босқындар ісі жөніндегі мекемесінің өкілі Карлотта Самидің Associated Press агенттігіне хабарлауынша, осы аптада Италия жағалауына жақын тұста үш қайық теңізге батып кеткен.

25 мамырда мигранттар отырған қайық аударылып, жүзге жуық адам хабар-ошарсыз кеткен. Италия әскерилері апат салдарын суретке түсіріп алған.

26 мамырда таңертең теңізде апатқа ұшыраған шағын кемеде болған шамамен 670 адамның 550-і хабарсыз кеткен, 104 адам тірі қалған. Жағалау күзеті қызметкерлері 15 адамның жансыз денесін тапқан. Карлотта Самидің мәліметі бойынша, моторы болмаған кемені тіркеуге алып сүйреп келе жатқанда ол апатқа ұшыраған.

27 мамыр күні теңізде аударылып қалған тағы бір қайықтан 135 адам құтқарылған. 45 адам өлі күйінде табылған, көп адам хабарсыз кеткен.

Италияның оңтүстігіндегі аралдарға Солтүстік Африкадан мигранттар мінген қайықтар мен шағын кемелер апта сайын келіп жатыр.

XS
SM
MD
LG