Accessibility links

АҚШ консулдығында "Президентті қорғаймыз" акциясы өтті


АҚШ бас консулдығы алдында өткен акция. Алматы, 31 мамыр 2016 жыл.
АҚШ бас консулдығы алдында өткен акция. Алматы, 31 мамыр 2016 жыл.

"Халықты баспанамен қамтамасыз етейік" қоғамдық ұйымының ипотекалық несиеге үй алған өкілдері бүгін Алматыда АҚШ бас консулдығының алдында наразылық акциясын өткізді. Несие алғандар акциясын "Президентті қорғаймыз" деп атады.

Наразылық танытушылардың айтуынша, Қазақстанда "жерге қатысты митингілерден" соң АҚШ-та осы айда америкада тұратын қазақтар көшеге шығып қарсылық танытып, Қазақстанда жерді сатпауға шақырған. Олар АҚШ-та қарсылық білдіргендер "Шал, кет!" деген жазуы бар плакаттар ұстап шыққанын айтады. Несие алғандардың сөзінше, плакаттағы "Шал, кет!" деген жазу Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты қызметінен кетуге шақыруды білдіреді. "Халықты баспанамен қамтамасыз етейік" ұйымының мүшелері АҚШ-тағы наразылық акциясын "АҚШ-тың Қазақстанның ішкі ісіне араласуы" деп білетінін айтты.

- Егер АҚШ қандай да бір елдің үкіметіне қызығушылық таныта бастаса, онда ол елде ұзамай бей-берекетсіздік пен тәртіпсіздік басталатыны бесенеден белгілі. Біз елімізде мұндай болғанын қаламаймыз. Біз бұл акцияларға қарсымыз, - деді ұйым өкілі Жанна Садықова.

Несие алғандар Қазақстан әнұранын айтып, консулдық алдына АҚШ-та қарсылық танытқандардың "Шал, кет!" деген жазуы бар плакатын сызып тастаған суреттердің көшірмесін қалдырып кетті.

Жиналғандарға шыққан АҚШ бас консулдығының қызметкері Рысбек Қасымбала акцияны бақылап тұрды. Наразылық танытқандар бұдан соң АҚШ билігіне әлдебір үндеу тапсырды.

Наразылық акциясын полиция бақылап тұрды. Акцияға қатысушыларға ескерту, немесе тарау туралы бұйрық берілмеді.

XS
SM
MD
LG