Accessibility links

Құқық қорғаушылар: 21 мамырдағы азаматтарды ұстауда заңсыздық көп


Алматыда полицияның орталық Республика алаңы маңына жиналғандарды ұстауы. 21 мамыр 2016 жыл.
Алматыда полицияның орталық Республика алаңы маңына жиналғандарды ұстауы. 21 мамыр 2016 жыл.

Қазақстандық құқық қорғау ұйымдары - Қазақстандық халықаралық адам құқығы және заңдылықты сақтау бюросы, Құқықтық саясатты зерттеу орталығы, "Халықаралық құқықтық бастама" қоғамдық қоры, "Қадір-қасиет" бірлестігі, "Адам құқығы хартиясы" қоғамдық қоры және "Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау ұйымы Қазақстанның бірнеше қаласында 21 мамырда болған оқиғаларға берген құқықтық бағасын жариялады.

Алматы, Астана, Шымкент, Орал, Атырау, Ақтау қалаларында 21 мамыр - жер мәселесіне қатысты белсенділер митинг өткізуді жоспарлаған күні полиция жүздеген адамды, оның ішінде құқық қорғаушылар, журналистер мен белсенділерді ұстаған.

Баяндама авторлары 21 мамырда Қазақстан территориясында немесе оның жекелеген аймақ, аудандарында төтенше жағдай жарияланбағандықтан азаматтардың еркіндігі мен құқығын шектеуге болмайтынын айтады. Құжат авторлары құқық қорғау органдары қызметкерлері азаматтарды жаппай ұстауда сілтеме жасаған әлдебір ведомствоның ішкі тапсырмасы жарияланбағанын және ол заң емес екенін, сондықтан оған тәртіптік, әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілік көрілуі керегін айтады.

Әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне сәйкес "ұсталған адамға оның құқығы мен міндеттерін түсіндірмеу әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғау процесін бұзу болып саналады және оған заңмен жауапқа тарту қарастырылған дейді құқық қорғаушылар.

Бұл құжатта сонымен қатар 21 мамырда құқық қорғау қызметкерлері рұқсат етілмеген бейбіт жиынды тоқтату тәртібі туралы заңнаманың бұзылғаны айтылады. Құқық қорғаушылардың бағалауынша, құқық қорғау органдарының бейбіт жиныға қатысады делінгендерді жергілікті атқарушы билік органы өкілінің "заңсыз" бейбіт жиынды болдырмау туралы тапсырмасын көрсетпестен ұстауы заңсыз бейбіт жиынды тоқтату тәртібін бұзу болып саналады.

Құқық қорғаушылар Қазақстан конституциясының ережелеріне сай биліктің ең бірінші міндеті "азаматтарға бейбіт түрде жиналуға құқық беру" екенін айтады. Аталған қалаларда жергілікті билік белсенділер мен азаматтарға 21 мамырда митингілер мен пикеттер өткізуге рұқсат беруден бас тартқан. Сол күні ұсталғандардан түсінік жаздыруға, кейбірінен саусақ таңбасын алып, ұялы телефон мен фотоаппаратына түсірген суретер мен видеоларын өшіруге міндеттеген.

XS
SM
MD
LG