Алматының "Алғабас" ықшамауданындағы қисайған көп қабатты үйді сүру керек деп мәлімдеді бүгін Алматы әкімінің орынбасары Сұлтанбек Мәкежанов.
Брифингте Мәкежанов үй салынған кезде оның топырақ тірегін нығыздау құрылғысы қарастырылмағандықтан топырақ отырып, ғимарат қисайғанын айтты. Оның сөзінше, комиссия үй сүрілуі керек деп ұйғарған. Комиссия сонымен қатар үйді салған мердігер құрылыс талаптарын бұзғаны үшін үйді қалпына келтіріп, болмаса басқа жақтан үй берсін деп шешкен.
1 маусым күні кешке тоғыз қабатты 1/136 үйдің қисайғаны байқалған соң 200-ден астам тұрғын эвакуацияланып, қонақүйге орналастырылған. Төтенше жағдай, жедел жәрдем, өрт сөндіру, газ қызметі үйді қоршауға алып, оған ешкімді жібермеген.
Кеше Алматы қалалық әкімдігі үйдің батыс бағытқа қарай 32 сантиметрге қисайғанын хабарлаған. Апатты үйге қатысты комиссия құрылған.
Үйде 72 пәтер бар. Үйдің бас мердігері - "НСК Астана Құрылыс" компаниясы. Үй 2015 жылы күзде "Қолжетімді баспана - 2020" бағдарламасы бойынша кезекте тұрған азаматтарға берілген.