Accessibility links

ІІМ: Ақтөбедегі атыста шабуыл жасаған бесеу оққа ұшқан


Ақтөбедегі оқиғаларға қатысы болуы ықтимал видеодан скриншот.
Ақтөбедегі оқиғаларға қатысы болуы ықтимал видеодан скриншот.

Қазақстан ішкі істер министрлігінің Ақтөбедегі төтенше оқиғаға байланысты маусымның 5-і кешке берген мәліметінде жексенбі күні қалада болған атыс барысында шабуыл жасаған бес адамның оққа ұшқаны айтылған. «Бесеуі өлген, біреуі ұсталған, күдіктілер он адам» деп хабарлаған ІІМ tengrinews.kz сайтына. Бұған дейінгі ақпаратта шабуылға күдіктілерден үш адамның өлгені хабарланған еді.

Бүгін күндіз Ақтөбеде аңшы қаруын сататын дүкен мен ұлттық гвардия әскери бөліміне шабуылдар жасалғаны туралы суыт хабар түскеннен кейін қаланың бірнеше ауданында атыс болған. ІІМ мәліметі бойынша, «Паллада» қару дүкеніне шабуыл кезінде сатушы қаза тауып, бір адам жараланған. «Әскери бөлімде шабуылдағандарға тойтарыс беру барысында бір офицер мен келісім-шарт негізінде қызмет атқаратын бір адам қаза тауып, 9 әскери қызметкер жараланған» деп хабарлаған бұдан сәл бұрын ІІМ ресми өкілі Алмас Сәдубаев.

Қазақстан қорғаныс министрлігі Ақтөбедегі атыстан соң елдегі барлық әскери бөлімдерді қатаң қызмет тәртібіне көшірген. Ақтөбеде террорлық қауіп-қатердің қызыл деңгейі жарияланғаны хабарланды. Полиция бүгінгі оқиғаларға дәстүрлі емес діни ағымның радикалды өкілдерінің қатысы болуы мүмкін деген болжам айтады.

XS
SM
MD
LG