Шығыс Украинадағы ресейшіл сепаратистер бақылауында ұстап отырған аймақта «Моторола» деген лақап атымен танымал Ресей азаматы Арсений Павлов жараланған. Сепаратистер командирлерінің бірі ауыр жараланғаны туралы ақпаратты Twitter желісінде олардың өкілі Константин Долгов хабарлаған.
«Мотороланың» қандай жағдайда жараланғаны туралы әзірше анық ақпарат жоқ. Кейбір хабарларда оны Донецк түбіндегі ұрыста жараланған десе, енді бір хабарларда Павловтың сепаратистер өткізген «жаттығу» барысында зардап шеккені айтылады. Life басылымының тілшісі Сергей Макаренко «Мотороланың» жараланғаны туралы ақпаратты растағанымен, оның жарақаты ауыр емес дейді.
Арсений Павлов 2014 жылы сәуірде ресейлік Игорь Гиркин (Стрелков) бастаған топ Шығыс Украинадағы Славянск қаласын басып алған кезден бастап қарулы сепаратистердің отряд командирі ретінде танылған. Соңғы кезде ол «Спарта» дербес барлау батальоны» деп аталатын қарулы құрылымды басқарып жүрген.