Accessibility links

Қазақстанда ораза басталды


Алматыдағы Орталық мешіт ауласында құлшылық қылып отырған халық (Көрнекі сурет).
Алматыдағы Орталық мешіт ауласында құлшылық қылып отырған халық (Көрнекі сурет).

Қазақстанда бүгін, 6 маусымда мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айы кіріп, ораза басталды. Биыл мұсылмандық ай күнтізбесі бойынша ораза 29 күн.

Оразаның басталуына орай бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы Қазақстан мұсылмандарын Рамазан айының келуімен құттықтап, "Алла Тағала отбасымызға амандық, жұмысымызға береке-бірлік нәсіп еткей! Тәуелсіздігіміз баянды, еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай!" деген тілек жолдаған.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мәліметінше, биыл Қадыр түні шілденің 1-інен 2-сіне қараған түнге келеді. Қазақстан бойынша пітір садақаның құны жан басына 200 теңге болып бекітілді. Пітір садақа Ораза айт намазына дейін берілуі тиіс. 5 шілде күнi Ораза айт мейрамы басталады.

Ораза айт күндері мешіт аулаларына қазақ үйлер тігіліп, жұртшылық арасында ұлттық спорт түрлерінен (асық ату, арқан тарту, қол күрес, гір тасын көтеру, т.б.) жарыстар ұйымдастырылады.

Рамазан айында мұсылмандар таң білінгеннен ымырт жабылғанша ораза ұстайды. Бұл уақытта мұсылмандар тамақ ішу мен жыныстық қатынастан, шылым шегу мен жаман ойдан тыйылады. Оразаның мақсаты - Құдайға жақындау, тұрмысы төмен жандардың ахуалын түсіну. Бұл күндері мұсылмандар мен қайырымдылық ұйымдары садақа беріп, ауызашар ұйымдастырады.

XS
SM
MD
LG