Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова бүн Астанада 5 маусымда Ақтөбеде болған атыстардан 38 адам жараланғанын мәлімдеді. Ол жараланғандардың тоғызының жағдайы ауыр, екеуінің операцияда жатқанын, ауруханаға жеткізілген екеуінің қайтыс болғанын айтты.
Үкімет отырысында сөйлеген Дүйсенованың айтуынша, кеше Ақтөбеге санитарлық авиация қызметі ұшып барып, оның дәрігерлері операциялар жасауға қатысқан.
"Біз жараланғандардың жағдайын толық бақылауда ұстап отырмыз" деген министр.
Ішкі істер министрлігінің мәліметіне қарағанда, өткен жексенбіде Ақтөбеде болған атыс пен одан кейінгі террорға қарсы операциядан қаза тапқандар саны 17 адамға жетті. Олардың 11 - шабуыл жасауға қатысқандар.