Әйгілі боксшы Мохаммед Әлимен қоштасы АҚШ-тың Кентукки штатындағы Луисвилл қаласында жерлеуге бір күн қалғанда өтетін болды. Мохаммед Әли отбасы өкілі Боб Ганнелдің хабарлауынша, мұсылман ғұрпы бойынша өтетін қоштасу рәсімі боксшы 1960 жылы өзінің алғашқы жекпе-жегін өткізген Freedom Hall спорт аренасында болады. Арена қоштасуға келетін барлық адамға ашық.
Боб Ганнелдің айтуынша, Мохаммед Әли өзінің жерлеу ғұрпын он жыл бұрын жоспарлап, қоштасу рәсімі "өзі қалай өмір сүрсе, соны көрсететіндей" барлық нәсіл мен мен дін өкілдеріне ашық болғанын қалаған. 10 маусымда өтетін ресми қоштасуда ислам, иудей, христиан және мормон конфессиялары өкілдері сөйлейді. Қоштасуға сонымен қатар Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған, Иордания королі Абдулла ІІ мен АҚШ-тың бұрынғы президенті Билл Клинтон қатысады.
Мохаммед Әли 3 маусымда 75-жасқа қараған шағында АҚШ-тың Аризона штатындағы Феникс қаласының ауруханасында дүниеден өтті. Ол ондаған жылдар бойы Паркинсон дертімен ауырды.
Ол күні бүгінге дейін бокс тарихында ауыр салмақта үш мәрте әлем чемпионы атанған жалғыз адам. Мохаммед Әли рингте өткізген 61 жекпе-жектің 56-сында жеңіске жетіп, оның 37-ін нокаутпен ұтқан.