Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті 7 маусымда таратқан мәлімдемесінде "5 маусымда Ақтөбеде полиция мен әскерге жасалған қарулы шабуылды "Қазақстанды азат ету армиясы" мойнына алды" деген ақпаратты жоққа шығарады.
ҰҚК "Қазақстанды азат ету армиясы" деген ұйым жоқ" деп хабарлап, бұқаралық ақпарат құралдарын мұндай ақпарат таратудың алдында "комитеттен растап алуды" сұрады.
Мәлімдемеде ҰҚК "Қазақстанның қылмыстық кодексінің 242-бабының 1-бөлімінің 3-тармағына сәйкес көпе-көрінеу жалған ақпарат тарату үшін екі жылдан бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын" ескертеді.
7 маусым күні Ішкі істер министрлігінің өкілі Азаттыққа "Қазақстанды азат ету армиясы" деген ұйымның жоқ екенін" мәлімдеген.
5 маусым күні Ақтөбеде полиция мен әскерге қарулы шабуыл жасаған топтың қандай ұйымға қатысы бар екені әлі анықталған жоқ. Атыс кезінде 20 шақты адам өлген еді.