Accessibility links

«Құмтөр» компаниясының бірнеше басшысына Қырғызстаннан шығуға тыйым салды


Қырғызстандағы Құмтөр кеніші.
Қырғызстандағы Құмтөр кеніші.

Қырғызстан бас прокуратурасы елдегі алтын өндіретін «Құмтөр Голд Компани» кәсіпорнының аты-жөні аталмаған бірнеше басшы қызметкерінің үстінен қылмыстық іс қозғаған. Бұл туралы Centerra Gold Inc. компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап Азаттықтың Қырғыз редакциясы хабарлады.

Ақпаратқа сәйкес, оларға «Құмтөр» активтерінің кемуіне соқтырған келісімдер жасасқан және қызмет өкілетін теріс пайдаланып, Қырғызстан мүддесіне зиян келтірген деген айыптар тағылған. Бұл айыптар компанияның әдеттегі коммерциялық қызметі аясындағы тауарлар мен материалдар сатып алуға, сонымен бірге Құмтөр кеніші лагерін жаңа орынға көшіруге байланысты шығындарына қатысты тағылып отырғаны айтылған.

Бас прокуратура қызметкерлері «Құмтөр Голд Компани» кәсіпорнының кеңселерін тінтіп, кейбір құжаттарды алған. Компания бас прокуратураның әрекетіне байланысты Қырғызстан сот органдарына, сонымен бірге халықаралық төрелік сотқа жүгінбек ниетте.

Қырғыз шекара қызметі «Құмтөр Голд Компани» кәсіпорнының кейбір шетелдік жетекшілеріне қазіргі кезде оларға Қырғызстан аумағынан шығуға болмайтынын хабарлаған. Мұндай тыйым қазіргі уақытта жүргізіліп жатқан қылмыстық істерді тергеу шараларына байланысты салынған.

«Құмтөр Голд Компани» - Құмтөр кенішіне иелік ететін канадалық Centerra Gold Inc. компаниясының еншілес кәсіпорны.

XS
SM
MD
LG